Әлеуеті артқан іргелі кәсіпорын

19 қазан 2016

Қызылорда облысындағы «Арал тұз» компаниясы заманауи үлгідегі жаңа тұз өңдеу цехын іске қосты. Бұл өндіріс көлемін екі есеге ұлғайтып, 200-ден аса жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік туғызды. Әлеуеті артқан кәсіпорынның тыныс-тіршілігімен Әділбек Серікұлы танысып қайтты.

ТІЛШІ: Бұл Жақсықылыш ауылы маңындағы тұзды көл. Жыл аяғына дейін мұнда 400 мың тоннаға жуық ақ алтын өндіріледі. Шикізатты өңдеп, кәдімгі ас тұзын дайындайтын үш цех күндіз-түні жұмыс істеуде. Соның екеуі, испандық тенологиямен жабдықталған.

Әлемдік нарықтағы тұрақсыздыққа қарамастан компания басшылығы өндіріс орнын жыл санап жаңғыртып келеді. Соңғы үш жылда қыруар қаржы құйылды. Былтыр полимер, биыл тұз өңдеу цехтары іске қосылды. Жұмысшылар саны 1100-ге жетіп, жергілікті тұрғындардың әлеуметтік жағдайы едәуір жақсарды.

НАҒАШЫБАЙ ӘУЕЗХАНОВ «АРАЛ ТҰЗ» АҚ ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ /«Арал тұз» акционерлік қоғамы халықтың әлеуметтік жағдайын қарастыруға да зор көңіл бөліп отыр. Бірінші шілдеден бастап 10 пайызға еңбек ақы көтерілді. Ол азаматтардың былай жұмыс істеу жағдайын жақсартуға үлкен оң әсерін тигізіп отыр./

ТІЛШІ: Жаңа цехтың ашылуымен елді-мекенде жұмыссыздық мәселесі толығымен шешімін тапты. Тіпті, әр отбасыдан бірнеше адам тұз өңдеу зауытында еңбек етуде.

ГҮЛНҰР ӘЛИҚҰЛОВА  ЖҰМЫСШЫ /Осы кезге дейін үйде жұмыссыз отырдым. Қазір екі ай болды жұмыс жасағаныма. Мен өзім балам сосын жұмыс жасайды осы «Арал тұз» компаниясында. Отандық өнім испандық технологиямен жұмыс жасап жатырмыз./

ТІЛШІ: Сыр өңірінің брэндіне айналған «Арал тұзы» бүгінде тонналап еліміз бен шет мемлекет нарығына жөнелтілуде. Келешекте компания иодтталған ас тұзын ғана емес, кальцилендірілген сода дайындайтын зауыт салуды жоспарлауда. Бұл тағы да 700 жаңа жұмыс орнының құрылуына сеп болмақ.

Ә.СЕРІКҰЛЫ, Н.НҰРМАХАН